Түркістанда ескек есуден жазғы Қазақстан чемпионаты басталды

Спортты дамыту дирекциясы мәліметінше, бұл күзде Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына қорытынды іріктеу жарыс саналады.

Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худяров қатысып, сөз сөйледі.

Осы жарысқа 11 өңірден 130-ға жуық ескек есу шебері қатысып жатыр. Бүгін жарыстың алғашқы күні 1000 метрге жарыстар өтті.

— Нагоя қаласы қабылдайтын сары құрлық ойындарында байдарка мен каноэде ескек есуден 12 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Алайда әр команда тек 10 дисциплинада ғана спортшы қоса алады. Сонымен қатар Жапонияда тек 1000 метрге жарыс өтпейді. Тек қысқа қашықтықтарда жүлде сарапқа салынады. Сол себепті чемпионаттың алдағы күндері өте тартысты өтейін деп тұр, — деп атап өтті Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетов.

Түркістандағы жазғы Қазақстан чемпионаты 21 маусымда мәресіне жетеді.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар